Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жалған жұмыс беруші жәбірленушілерден 100 мың алған

Қызылорда облысында жұмысқа тұрғызамын деген желеумен жәбірленушілерден жүз мың теңге ақша алған алаяқ ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алаяқтардың құрған тұзақтарына түскендердің қателерінен сабақ алмай, өзіміздің басымызға түскен кезде ғана бармақтарымызды тістеп отырамыз. Қай жерде болмасын, оңай жолмен алдап ақша табатын алаяқтар баршылық.

16 қаңтарда тағы бір алаяқтың құрбаны болған жергілікті екі тұрғын қалалық Полиция басқармасына келіп арызданды. Әлеуметтік желілер арқылы танысқан белгісіз азамат жәбірленушілердің сеніміне кіріп, достық қарым-қатынас орнатқан. Уақыт өте келе, өзін теміржол саласының қызметкері ретінде таныстырып, жұмысқа орналастыруға уәде еткен алаяқ арызданушыларға 100 000 теңге көлемінде шығын келтірген.

Алаяқты ұстау мақсатында полиция қызметкерлері қажетті жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында 1983 жылы туған, жұмыссыз қала тұрғынын ұстады.

Қазіргі уақытта аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігінің 4-тармағымен (Бірнеше рет жасалған алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Алаяқтың басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру