Борышкер әкенің қарызы 2 млн теңгеге жуықтаған
Павлодар облысында балаларын асырау бойынша қарызы 2 млн теңгеге жуықтаған борышкер әке анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– 2021 жылдың 19 қаңтарында полицияға бұрынғы жұбайынан ақша өндіру туралы арызбен жергілікті тұрғын жүгінді. Кәмелетке толмаған балалардың анасы өз өтінішінде бұрынғы жұбайының екі баланы асырауға алимент төлеу жөніндегі сот шешімін орындамай жүргенін хабарлады. Ажырасқаннан кейін балалардың әкесінің бала тәрбиесіне одан әрі қатысқысы келмейтіні, сондай-ақ материалдық жағынан көмектескісі келмейтіні анықталды. Төленбеген алимент сомасы екі жыл ішінде 2 млн. теңгеге таяған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде полиция қызметкерлері борышкер әкені анықтады. Оның айтуынша, балаларының тамағы мен киімінен гөрі, өз басының шығыны көп екені белгілі болды, – деді Павлодар облысы Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Қазбек Ахметов.
Айта кету керек, 2020 жылы қабылданған шаралардың нәтижесінде облыс бойынша тәртіп сақшылары алимент төлемей жүрген 203 адамды тауып, ұстады.
Полиция департаменті алиментті қасақана төлемеушілерге Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабы (Балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтару) қолданылатынын еске салады, онда ата-аналардың одан бөлек тұратын бала алдындағы міндеттемелерін орындаудан үш айдан астам жалтаруы ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін көрсетілген.
Мысалы, құқық бұзушы алимент төлемегені үшін 600 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар түріндегі немесе екі жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.