Беларусь азаматы Түркістан облысының полицейлеріне алғыс айтты
Түркістан облысының патрульдік полицейлеріне бірнеше тұрғын, оның ішінде Беларусь Республикасының азаматы арнайы алғысын айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылдың 21 қаңтарынан бастап Түркістан облысында қалың қар жауып, ақ түтек боран басталды. Бірнеше күн мен түн толассыз жауған қар облыс жолдарының барлығында көліктердің жүруіне кедергі келтіріп, дамылсыз соққан ақ түтек боран жолаушыларды жолда қалдырды. Ауыр жүк көліктері мен жеңіл көліктер жол жиегіне шығып кетіп, тіпті кейбірі бір-біріне соқтығысып жатты. Ауа райының тосын мінез танытып, ысқырып соққан суық желде азаматтардың амандығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Түркістан облысының бүкіл жеке құрам қызметкерлері облыс жолдарына жұмылдырылды. Таң атпастан күшейтілген режимде жұмысқа кіріскен полицейлер барынша тұрғындарға сақ болулары мен үйден шықпауларын ескертті. Ал жолда қалған жолаушыларды қызметтік көліктерімен жылы орынға жеткізіп, қарға батып, жүре алмай қалған көліктерге қарын күреп, қайтадан жүріп кетуіне ықпал жасады. Күрек ұстап қар күреген, көлік итеріп көмек көрсеткен полицейлер суыққа қарамастан қызметтерін тәуліктеп атқарды.
Мәселен, жолда тұралап қалған ауыр жүк көліктерінің ішінде Беларуссия тұрғыны да болды. Оның көлігі жол жиегіндегі қарға батып қалған. Патрульдік полиция қызметкерлері тез арада қарды тазалап, жүргізушіге көмек көрсетті. Шетелдік жүргізуші Түркістанның ғана емес, Қазақстанның полициясын мақтап, қызметкерлердің жұмыстарына ризашылығын жеткізді. Шынайы алғысын айтып, сәттілік тіледі.
Сонымен қатар Шымкент-Самара тас жолында патрульдеп келе жатқан полицейлер жолдың жиегіне шығып кеткен тағы бір жеңіл көлікті байқайды. Бірден тоқтап, жүргізушінің темір тұлпарын қызметтік көлікпен жол бойына сүйреп алып шығады.
Өз кезегінде жүргізуші мен жолаушылар патрульдік полиция қызметкерлеріне: – Рақмет, еңбектеріңіз жана берсін! Түркістан облысы патрульдік полиция қызметкерлеріне алғыс айтамыз, – деп жылы лебіздерін жеткізді. Ал күннің ызғарына қарамастан қызметін жалғастырып жатқан полицейлер жолаушыларға: – Жол тайғақ, сондықтан абай болыңыздар. Ұзақ жолға шықпаңыздар!, – деп ескерту жасады.
Айта кеткен жөн, жыл сайын қыс маусымында патрульдік полицейлер жолдарды үздіксіз бақылап, көмекке мұқтаж болған жүргізушілерге көмек көрсетіп, алғыстарын алып келеді. Бұл жолы да бұрын соңды болмаған боранда жолда қалған көліктердің барлығына көмектесті. Әлі де жол жиегіне жиналып қалған омбы қар мұзға айналып, көліктерге кедергісін келтіруде. Сондықтан облыс полицейлері патрульдеу жұмыстарын жалғастыра бермек.
Облыс полицейлері ескертеді: Жол жүру ережелерін әрдайым ұстаныңыздар. Жылдамдықты асырмаңыздар! Ауа райы қолайсыз сәтте ұзақ жолға шығудың қажеті жоқ. Ал егер мәжбүр болсаңыз сапарға шығарда көлігіңізді қажетті заттармен қамдап алғаныңыз жөн.