Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Созақ ауданының тұрғыны заңсыз қару ұстап жүр

Түркістан облысының полицейлері заңсыз қару ұстап жүрген тұрғынды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Созақ АПБ-ның қызметкерлері күнделікті қоғамдық қауіпсіздік пен елдің тыныштығын сақтау мақсатында, рейдтік-профилактикалық іс-шараларды өткізіп отырады. Түрлі қылмыстарды болдырмау, жол апаттарының алдын алу, ұрлық-қарлықты жою жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Осындай кезекті іс-шара барысында, Созақ АПБ Жергілікті полиция қызметінің табиғатты қорғау полиция инспекторы Жомарт Атабаев пен Жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік орман қорықшысы Ержан Асқаров екеуі мал жайылымдардың бірінде, ат үстінде келе жатқан ер адамның қолындағы қаруын тастай салып, өздерінен жасырмақ болғанын байқайды. Осы сәтте полицей мен орман қорықшысы бірден әрекет етеді. Тексеру барысында тәртіп сақшысы, тұрғынның жерге тастаған заты ешқайда тіркелмеген аңшы қаруы екенін анықтады.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 287-бабы (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша тіркелді. Күдікті тұрғын өз жауабында қарудың атасынан қалғанын жеткізді. Және малдарын, өзін аң-құстың шабуылынан қорғау үшін қаруды асынып жүргенін мойындады. Құжатсыз қару тәркіленіп алынып, сараптама тағайындалды. Оның ойық ұңғылы, қосауызды, кіші калибрлі аңшы мылтығы екені белгілі болды. Ер адамның бас шарасы «келу туралы міндеттеме».

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтау мен алып жүргені үшін қылмыстық жауапкершіліктің қарастырылғанын еске салады. Тәртіп сақшылары облыс тұрғындарына ерікті түрде тіркелмеген қаруды ішкі істер органдарына тапсыруға кеңес береді. Егер сізде қаруды заңсыз сақтау мен сату жайттары туралы ақпарат болса, тез арада полицияға хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру