Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарлық тәртіп сақшысы ұл-қызын да қылмысқа қарсы күреске баулыған

Павлодар облысының Полиция департаментінде әке жолын қуып, ісін жалғастырған апалы-інілі Әбдірахмановтар қызмет етеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазіргі таңда Екібастұз қаласының Полиция басқармасында отставкадағы полиция полковнигі Нұрмағамбет Әбдірахмановтың қызы мен ұлы қызмет етеді.

– «Әке көрген оқ жонар» демекші, оның балалары әкесінің мінсіз, адал еңбегіне қызығушылық танытып, ізін қуды. Ішкі істер органдарында адал еңбек пен абыройлы қызмет еткен Нұрмағамбет Зейноллаұлы 2020 жылы ардагерлер қатарын толықтырды. Ол заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтаушылар қатарында 30 жылдан астам қызмет етті, – дейді Екібастұз қаласы Полиция басқармасының бастығы Василий Скляр.

Ол жинақталған тәжірибесінің арқасында 2008 жылы Екібастұз қаласы ІІБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы, бірнеше жылдан кейін Екібастұз қаласы ІІБ бастығының бірінші орынбасары болып тағайындалған. Нұрмағамбет Зейноллаұлы Павлодар қаласындағы Орталық полиция бөлімінің бастығы, Павлодар облысы Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасының бастығы, одан әрі  Павлодар қаласы Полиция басқармасының бастығы лауазымдарын атқарған.

– Ол өмірінің көп бөлігін күрделі мамандыққа арнады. Өзінің тәжірибесін жылдан жылға жас ұрпаққа үйретіп келді. Ерекше ұйымдастырушылық қасиеттері және істі соңына дейін жеткізу қабілетінің арқасында Нұрмағамбет Зейноллаұлы Полиция департаментінің жеке құрамы арасында құрмет пен беделге ие болды, – деп атап өтті Василий Скляр.

Қызы Индира да әке жолын қуып, 2015 жылы Б.Бейсенов атындағы ҚР ІІМ Қарағанды академиясын қызыл дипломмен бітірді. Қазір Екібастұз қаласында тергеуші лауазымында қызмет атқарады.

Ұлы Мадияр 2020 жылы Б.Бейсенов атындағы ҚР ІІМ Қарағанды академиясын бітіріп, Екібастұз қаласының Полиция басқармасында жеке тұлғаға қарсы қылмыстарды тергеумен айналысады.

– Балалар ата-аналарынан үлгі алады. Мен әрқашан әкем сияқты полиция қызметкері болғым келетін. Мектепті бітіргеннен кейін, ҚР ІІМ Қарағанды Академиясына оқуға тапсырып, тергеуші болғым келді. Мамандық қаншалықты күрделі болса да, ең бастысы – істеп жүрген жұмысыңды шын жүректен жақсы көріп істеу маңызды, – деп атап өтті Мадияр Әбдірахманов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру