Алматы облысы бойынша ҚАЖД өткен жылды қорытындылады
Алматы облысы бойынша ҚАЖД өткен жылдың қорытындысын шығарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті 2020 жылғы жұмысын қорытындылап, алдағы кезеңге қойылған міндеттерді талқылады.
Қорытынды жедел-қызметтік кеңеске ҚАЖД және ведомстволық бағынысты мекемелердің, сондай-ақ Алматы облысының пробация қызметінің жеке құрамы қатысты.
2020 жылдың өткен кезеңінде ҚАЖД ведомстволық бағынысты мекемелерінде барлығы 3971 тінту жүргізілген, оның ішінде жалпы тінтулер саны – 21, жоспарлы тінтулер – 3456, жоспардан тыс тінтулер – 494.
Сондай-ақ, мекемелердің күзетілетін объектілерінің аумағына тыйым салынған заттарды өткізуге талпынудың 40 фактісінің жолы кесілді.
Тыйым салынған заттарды өткізуге талпынғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабы (Қылмыстық-атқару жүйесiнің мекемелерiнде, арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттар, бұйымдар мен нәрселер беру) бойынша 15 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұдан басқа мекеме аумағына «героин» лақтыруға талпынғаны үшін бір адам ҚР ҚК-нің 297-бабы 2-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылып, алты жылға бас бостандығынан айырылды.
Пробация қызметінің есебінде тұрған адамдардың қайтадан қылмыс жасау фактілері азайды. Пробация қызметінде есепте тұрған 5852 сотталған азамат әлеуметтік-құқықтық көмек алып, 637 сотталған азамат жұмысқа орналастырылды.
Бүгінгі таңда арнайы контингент арасында короновирустық инфекцияны жұқтыру фактілері тіркелген жоқ.
– Пандемия салдарынан туындаған шектеу шараларына байланысты пенитенциарлық жүйе ерекше жұмыс режиміне көшті. Осыған қарамастан, ҚАЖ қызметкерлері түрлі қоғамдық маңызды, спорттық іс-шараларға, әлеуметтік және қайырымдылық акцияларға белсенді қатысып, қиын өмірлік жағдайға тап болғандарды қолдады. Біз қазір Facebook, Instagram-дағы өз парақшаларымызда өз қызметіміз туралы айта отырып, азаматтармен тікелей байланысты қамтамасыз ету үшін әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланамыз, – деп атап өтті өңірлік ҚАЖД бастығының орынбасары Жәнібек Қосжанов.