Ақтөбеде Пробация қызметінде есепте тұрған сотталған «Үздік малшы» атанды
Ақтөбеде Пробация қызметінде есепте тұрған сотталған «Үздік малшы» атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Қобда аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған азамат 2020 жылдың қорытындысымен «Үздік малшы» атанды.
Бір жылдан астам Қобда аудандық пробация қызметінде есепте тұрған Ж., өз ұлының шаруа қожалығындағы ірі қара малын бағады. Мал шаруашылығын жітік меңгерген кәсібилігінің арқасында сотталған азамат, өткен жылы шаруа қожалықтағы 100 бас ірі- қара малын 80 бұзауға көбейткен.
Ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосып келетін есепте тұрған азамат Ж., ауданда өткен жылды қорытындылауға арналған салтанатты іс- шарада «Үздік малшы» атанып, Қобда ауданы әкімінің тарапынан 200 мың теңге тұратын сертификатқа ие болды.
– Бір жылдан астам пробация есебінде тұрған сотталған азамат Ж.-ның қазіргі таңдағы тәртібі жақсы. Ол өзіне сот белгілеп берген талаптарды бұзбай орындап келеді, – дейді Қобда аудандық пробация қызметінің инспекторы Серік Айбеков.