Пробация қызметінен жасырыну – жазадан құтқармады
Ақтөбеде жауапсыз азамат пробация қызметіне есепке алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе қалалық №2 сотының үкімімен ҚР ҚК-нің 346-бабының 1-бөлігіне сай, үш жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылып, 120 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту жазасына сотталған Н. 2020 жылы Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметіне есепке алынады.
Есепке алынған күннен бастап, Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметкерлері сотталған Н.-ға қоғамдық жұмысқа тартудың жаза өтеу тәртібін, яғни сот жүктеген міндеттер мен жазаның шарттарын орындамау: қамаққа алынумен шектелетінін түсіндіреді. Бұдан бөлек, аталған Пробация қызметі Ақтөбе қаласының Алматы аудандық әкімдігіне аталған сотталғанға қатысты сот үкімін орындату мақсатында бірнеше рет хат жолдап, сотталған азаматқа «қоғамдық жұмысты орындамау – қамауға алынумен шектелетіні» туралы ескертулер жасалады. Алайда, сотталған Н. пробация қызметкерлерінің сөзіне құлақ аспай, ешбір дәлелсіз қоғамдық жұмыстарға шықпайды. Оған қоса, мекен жайын тастап, пробация қызметі бақылауынан белгісіз жерде жасырынады.
Осыған сәйкес, Пробация қызметінен жасырынған сотталғанға Ақтөбе қалалық №2 сотының қаулысымен «іздеу жариялау» туралы шешім шығады. Бір айдан астам уақыт өткенде сотталған Н. Ақтөбе қалалық Алматы аудандық Пробация қызметі және №4 Полиция басқармасының жедел уәкілдерімен бірлескен жедел іздестіру іс- шарасының арқасында ұсталып, оған қайтадан түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қоғамдық жұмысты орындауға жолдама беріледі.
– Соған қарамастан, Пробация қызметінде есепте тұрған сотталған Н. қоғамдық жұмысты орындаудан түбегейлі бас тартты. Осы және жоғарыда аталған сот талаптарын орындамағандықтан, Ақтөбе қалалық №2 сотымен сотталған Н.-ға қатысты «қоғамдық жұмысты қамаққа алу жазасына ауыстыру» туралы шешім шықты. Ендігі жерде сотталған Н. қоғамдық жұмыстың өтелмеген 72 сағатын 18 тәулік бойы Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты КА-168/1 мекемесінде өтейтін болады, – дейді Ақтөбе қалалық Алматы аудандық пробация қызметінің бастығы Айғаным Алмағамбетова.