Қала тұрғынының ұялы телефонын тартып алған күдіктіні теміртаулық полицейлер ізін суытпай қолға түсірді
Теміртаулық полицейлер қала тұрғынының ұялы телефонын тартып алған күдіктіні ізін суытпай қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 ақпан күні Теміртау қалалық Полиция басқармасына қарасты Шығыс полиция бөліміне 46 жастағы қала тұрғыны шағымданған. Азамат өз арызында таңертеңгілік уақытта жұмысқа бара жатқанда белгісіз біреудің оған шабуыл жасап, қолындағы ұялы телефонын тартып алғанын айтқан. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 72 мың теңгені құраған.
Жедел-тергеу тобының қызметкерлері ізін суытпай осы іске қатысы бар деген күдікпен 32 жастағы азаматты ұстады. Ол қылмысын мойындады. Полиция қызметкерлері күдіктіден ұялы телефонды тәркілеп, жәбірленушіге қайтарды.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 191-бабына (Тонау) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.