Қызылордалық азамат көлік басқару құқығынан айырылса да мас күйінде көлік басқарып жүрген
Қызылордалық полицейлер бұрын көлік басқару құқығынан айырылған азаматтың мас күйінде көлік басқарып жүргенін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 ақпан күні таңертең Қызылорда қалалық Полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері «Қауіпсіз жол» профилактикалық іс-шарасы аясында «Тойота Лэнд-Крузер» автокөлігін тоқтатып, тексеру барысында көлік тізгінінде отырған азаматтан алкогольдің иісі шығып тұрғанын анықтады.
Өткізілген сараптама қорытындысы көлік тізгінінде отырған 1970 жылы туған облыс тұрғынының масаң күйде екенін растады.
Бұдан басқа аталған көлік жүргізушісінің 2019 жылғы 3 желтоқсанда сот шешімімен көлік құралын басқару құқығынан үш жылға айырылғанына қарамастан, автокөлікті алкогольдік масаң күйде қайта басқарып, жол қозғалысының басқа да қатысушыларының өміріне қауіп төндіргенін атап өткен жөн.
Оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігімен (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы не көлік құралын басқаруды осындай адамға беру, сол сияқты осындай адамның көлік құралын басқаруына лауазымды адамның немесе көлік құралы меншік иесінің не иеленушісінің жол беруі) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полицейлер қала тұрғындарынан жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды сұрайды.