Қарағандыда жас жігіт сауда үйіндегі бутиктердің бірін тонаған
Қарағандылық жас жігіт сауда үйіндегі бутиктердің бірін тонаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
7 ақпанда Қарағанды қаласының ПБ Жаңа Майқұдық полиция бөліміне сауда үйлерінің біріндегі бутиктердің біреуінің тоналғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына тергеу-жедел тобы барды.
Белгісіз біреу сағат сататын бутикке кіріп, 32 жастағы сатушының көзінше ерлер сағатын ашық түрде заңсыз иемденіп, оқиға орнынан қашып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын сомасы 10 мың теңгені құрады.
Осы факт бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 191-бабымен (Тонау) қылмыстық іс қозғалды.
9 ақпанда жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері осы қылмысты жасауға күдікті ретінде 23 жастағы жас жігітті анықтап, ұстады. Жас жігіт кінәсін мойындады. Заттай айғақтар алынды. Тергеу жүргізілуде.