Түркістан облысының полицейлері «Мигрант» іс-шарасын қорытындылады
Түркістан облысының полицейлері «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасын қорытындылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Естеріңізге сала кетейік, Түркістан облысының аумағында облыстық Полиция департаменті Көші-қон қызметінің қызметкерлері «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Оның негізгі мақсаты көші-қон заңнамасын бұзушыларды анықтау, шетелдіктерді тұрақты және уақытша тұратын жері бойынша тиісті есепке алуды және бақылауды қамтамасыз ету, сондай-ақ заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу болып табылады.
Тәртіп сақшылары «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шараларының қорытындысымен көші-қон заңнамасын бұзған 345 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның ішінде 179-ы шетел азаматы болса, 166-сы Қазақстан Республикасының азаматы. Олардың арасынан 151 тәртіп бұзушысына ескерту жасалып, 132 адамға әкімшілік айыппұл салынды. Сот шешімімен 62 шетелдік елден шығарылды.
Оған қоса шетелдіктерді қабылдайтын тұлғалардың тіркеу қағидаларын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабы (Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың Халықтың көші-қоны саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуы) бойынша 144 құқық бұзушы және ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабы (Шетелдік жұмыс күшін және еңбекші көшіп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту) бойынша 22 ҚР азаматы жауапкершілікке тартылды.
Түркістан облысының полицейлері атап өткендей, бұл жедел-профилактикалық іс-шара жақын арада өз жалғасын табатын болады. Тәртіп сақшылары азаматтарды көші-қон заңнамасын сақтауға және заңдарды бұзбауға шақырады.