Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талғарда 3 ай бұрын ұрланған сиырлар табылды

Талғар ауданының полицейлері үш ай бұрын ұрланған сиырларды аман-есен тауып, заңды иесіне қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

2020 жылғы қараша айында Рысқұлов ауылы тұрғындарының жайылымдағы төрт ірі қарасы қолды болғанымен, осы уақытқа дейін өздері іздеген. Таба алмайтынына көзі жеткен соң ғана олар полицияға арыз түсірген. Жоғалған сиырларды жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізген тәртіп сақшылары қылмыстың ізін суытпай ашып, ұрлыққа қатысы бар күдіктіні ұстады. Оның үш ай бойы ұрлаған сиырларын өз малына қосып, қорасында асырағаны белгілі болды.

– Қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінген 33 жастағы ауыл тұрғынының қорасынан тиісті құжаттары жоқ сиырлар табылды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1 бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Оның осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бары тексерілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жарияланбайды, – деді Талғар АПБ бастығы орынбасарының міндетін атқарушы Ғалым Иманғалиев.


Сиырларының табылатынынан күдерін үзбеген тұрғындар ақ-адал малдарын тауып берген тәртіп сақшыларына шексіз алғысын білдірді. Олар бөтен қорада тұрған өз сиырларын танып, құжаттарын көрсетіп, үйлеріне алып кетті.

– Бізде мал ұрлығына қатысты қылмыстарды болдырмау және оларды ашу ерекше бақылауға алынған. Мемлекет басшысы да, министрлік пен департамент басшылығы да осы проблемаға баса назар аударуды талап етеді. Мал ұрлығының “ізін суытпай” ашуда табандылық танытқан жедел уәкіл Жәнібек Иембердиев пен тергеуші Ерасыл Айбекұлының еңбегін атап өткім келеді. Ауыл тұрғындарына малдарын қараусыз жібермеуді және қауіпсіздік шараларын күшейтуді ескертемін, – деп толықтырды Ғалым Иманғалиев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру