Маңғыстауда жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша шаралар қабылдануда
Маңғыстау облысында мүдделі қызметтердің қызметкерлері облыс жолдарына тексерулер жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
9 ақпанда Маңғыстау облысы Полиция департаменті бастығының қабылдауында болған Бекі, Қарақия және Маңғыстау ауылдарының тұрғындары үй жануарлардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша шаралар қабылдау, тиісті жол белгілерінің жеткіліксіздігі, жолдардағы жарықтандыру сияқты мәселелерді басшылыққа жеткізген еді.
Департамент бастығы бұл мәселелерді жеке бақылауына алып, мүдделі қызметтердің қызметкерлерінен арнайы топ құруды және ауыл жолдарына тексеру жүргізуді тапсырды.
Кеше құрамында Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, жол-техникалық инспекция бөлімінің қызметкерлері және «Қазақавтожол» ЖШС өкілдері бар арнайы топ жоғарыда аталған елді мекендердің тұрғындарымен бірлесіп, «Ақтау-Жетібай-Шетпе-Бейнеу-Доссор-Құлсары» республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына зерттеу жүргізді.
Тексеру барысында азаматтардың барлық өтініштері тыңдалды. Жаяу жүргіншілер өткелдерін, қосымша жарықтандыру көздерін, жол белгілерін, үй жануарларының муляждарын орнату бойынша тұрғындардың ұсыныстары мен осы мәселелерді шешу жолдары талқыланды.
– Үй жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Осы уақытқа дейін біздің ұсынысымыз бойынша әр ауылда өткелдер орнатылды, жолдарда тиісті белгілер мен жануарлардың муляждары бар. Қазіргі уақытта туындаған мәселелер бойынша ұсыныстар мен нұсқаулар тиісті атқарушы органдарға жіберілетін болады, – деп атап өтті Маңғыстау облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жеңіс Дадаев.
Халықпен тиімді кері байланыс орнату – барлық мемлекеттік органдар үшін маңызды міндет. Әсіресе, ішкі істер органдары үшін халықпен жұмыс барынша жоғары деңгейде болуы өте маңызды.
Ведомство бастығының барлық бастамалары азаматтармен үйлесімді қарым-қатынасты одан әрі дамытуға, қалыптастыруға және «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған.