Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды қаласы Полиция басқармасының бастығы халыққа есеп берді

11 ақпанда Қарағанды қаласының ПБ бастығы Думан Кожахметов Қарағанды облысы ПД-нің “Facebook-тегі” парақшасы арқылы халыққа есеп берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Аталған кездесудің басты мақсаты – қылмыстық құқық бұзушылықтардың кез келген түрінің алдын алу және анықтау, халықпен қарым-қатынасты жақсарту, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау бойынша полиция қызметкерлері атқарып жатқан жұмысты көрсету және полиция мен қала тұрғындары арасында байланысты нығайту болып табылады.

Ұйымдасқан және сапалы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2020 жылы Қарағанды қаласының аумағында қылмыстық құқық бұзушылықтардың тіркелуі 26,1%-ға төмендеген. Оның ішінде мүліктік сипаттағы қылмыстардың саны 27,8%-ға төмендеді.

Бұдан басқа көшеде және қоғамдық орындарда жасалған құқық бұзушылықтардың саны 47,7%-ға төмендеген.

Қалалық Полиция басқармасының бастығы 2020 жылдың 12 айында есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл бойынша бірқатар жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Оның айтуынша, заңсыз айналымнан 250 келіден астам есірткі тәркіленіп, 50-ге жуық адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Сондай-ақ, Думан Қожахметов Қазақстан Республикасының заңнамасына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға тоқталды. Атап айтқанда, ол тұрғындарға “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы” Заңға сәйкес жүргізуші куәлігіне қатысты бірқатар мағлұматтар берді.

Сонымен қатар жаңа сервис – “Police 102” мобильді қосымшасының жұмысын да түсіндірді.

Онлайн режимде өткізілген есеп беру барысында Думан Қожахметов азаматтардан келіп түскен барлық сұрақтарға жауап берді.

Кездесу соңында Думан Қожахметов онлайн форматта өткізілген есеп беруге белсене атсалысып, өздерінің азаматтық көзқарастарын білдірген және полиция қызметкерлерінің жұмысына түсіністікпен қарап, оң баға берген азаматтарға алғысын білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру