Алматы облысында әйелдер колониясына тыйым салынған заттарды өткізбек болған азаматтар ұсталды
Алматы облысында әйелдер колониясына тыйым салынған заттарды өткізу деректерінің жолы кесілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысындағы ЛА-155/4 мекемесінің аумағына бірнеше ұялы телефон салынған ораманы лақтырмақшы болған азамат ұсталды. Сондай-ақ, жеке тексеру кезінде осы азаматтың сырт киімінің қалтасынан «Трамадол 50 мг» препаратының 14 таблеткасы табылды.
Сонымен қатар, мекеме қызметкерлері түзеу мекемесінің аумағына сыйымдылығы 0,5 литр коньяк өткізбекші болған азаматты да ұстады.
– Жауап алу кезінде аталған екі азамат өз кінәларын мойындады. Осы фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабына (Қылмыстық-атқару жүйесiнің мекемелерiнде, арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттар, бұйымдар мен нәрселер беру) сәйкес жиналған материалдар шешім қабылдау үшін Қарасай ауданының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберіледі, – деп толықтырды ЛА-155/4 мекемесінің бастығы Мадияр Қонқанов.
– Өкінішке орай, өткізілген түсіндіру жұмыстарына қарамастан, жазасын өтеп жатқан сотталғандардың туыстары, достары және басқа да адамдар тыйым салынған заттарды мекеме аумағына өткізуге тырысуда. Алайда, мекеме қызметкерлерінің қырағылығы мен кәсіби шеберліктерінің арқасында мұндай әрекеттердің жолы бірден кесіледі, – деп түсіндірді облыстық ҚАЖД бастығының орынбасары Қанат Ашов.