Атыраулық азамат есірткі тыққан жерлерін көрсетті
Атырауда 27 жастағы азамат есірткіні жасырған құпия орындарын көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысының ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Атырау қаласының аумағында есірткіні белгілі бір жерлерге тығу арқылы таратумен айналысатын 27 жастағы жас жігітті ұстады.
– Тінту іс-шараларын жүргізу кезінде Атырау қаласы тұрғынының уақытша тұрып жатқан мекенжайынан ұнтақ тәрізді зат, есірткі дозаларын дайындап, өлшеуге арналған түрлі құралдар табылып, тәркіленді. Тергеу барысында күдікті қала аумағында 60 дозаны құрайтын есірткі жасырылған үш орынды көрсетті. Сараптама нәтижелері бойынша алынған зат пировалерон екендігі анықталды. Аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, – деді Атырау облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Марат Тағаниязов.
Айта кету керек, 2019 жылдан бастап электронды ақпараттық ресурстар арқылы есірткіні таратқаны үшін жауапкершілік күшейтілді. Мұндай әрекеттер ауыр қылмыстар санатына жатқызылған, оларды жасағаны үшін 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген. Интернет-ресурстарды пайдалана отырып, есірткіні тұтынуға көндіру ауыр қылмыстар санатына жатқызылған, оларды жасағаны үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Азаматтарды есірткі құралдарының заңсыз айналымына тартуға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында оларды насихаттағаны және заңсыз жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бұл әрекет үшін үш жылға дейін, белгілі бір жағдайларда үш жылдан алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.