Ақмола облысында 13 ақпаннан бастап 5500-ден астам жүргізуші жауапқа тартылған
Ақмола облысында 13 ақпаннан бастап бес жарым мыңнан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
13 ақпаннан бастап қазақстандық жүргізушілерге өздерімен бірге жүргізуші куәлігін алып жүрмеуге рұқсат етілген. Енді жүргізушінің құжаттарын тексеру ақпараттық жүйелер арқылы жүзеге асырылады, бұл автокөлік иелеріне құжаттарын өздерімен бірге алып жүрмеуге мүмкіндік береді.
Бұрын жүргізушіге құжаттарының біреуі өзімен болмаған жағдайда ескерту немесе 5 АЕК көлемінде айыппұл салынатын. Енді жүргізушілер көлікті тек қана жеке басын куәландыратын құжатымен басқаруға құқылы.
Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігін, техпаспортты, сақтандыру полисін, сондай-ақ техникалық байқаудан өткенін растайтын құжатты полицейлер планшет арқылы, ал интернетке қолжетімділік жоқ елді мекендерде және тас жолдарда радиобайланыс арналары арқылы тексереді.
13 ақпаннан бастап Ақмола облысында патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзған 5549 жүргізушіні жауапкершілікке тартты.
– Қабылданған шаралар біздің жұмысымызды айтарлықтай жеңілдетті. Қазір құжаттардың барлығы базада, автокөлік жүргізушісі көлік басқаруға құқығының бар-жоғын жасыра алмайды, – деп атап өтті патрульдік полиция қызметкерлері.
Осы орайда Ақмола облысының полицейлері жол қозғалысының барлық қатысушыларына жол қозғалысы ережелерін бұзуға жол бермеуді және жолдарда сақтық шараларын қабылдауды ескертеді.