Маңғыстауда ҚАЖ қызметкерлері қан тапсырды
Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты түзеу мекемелерінің қызметкерлері бірнеше жыл қатарынан көмекке мұқтаж адамдардың өмірін аман алып қалу мақсатында ерікті түрде қан тапсырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы орайда ГМ-172/8 мекемесінің бастығы бастаған бір топ қызметкерлер ерікті түрде қан тапсыру акциясына белсене атсалысты.
Өкінішке орай, қан тапсыруға кез-келген адамның денсаулығы жарай бермейтіні баршаға мәлім. Аталмыш іс-шара қызметкерлерден жоғары жауапкершілікті және еліне адал қызмет етумен қоса, денсаулықтың мықты болуын талап етеді. Осылайша, ГМ-172/8 мекемесінің қызметкерлері қашан да жақсы іске мұрындық болып, мүмкіндігінше мұқтаж жандарға көмек беруге дайын екенін тағы да дәлелдеді.
-Адамдар көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беруі қажет. Біз тапсырған қан көптеген адамдардың өмірін сақтап қалады деп сенеміз. Себебі, елімізде қаншама адам қан компоненттеріне мұқтаж. Осы орайда мекеме қызметкерлері жүйелі түрде қан тапсырып тұру туралы шешім қабылдады, – деді мекеме бастығы Дастан Әбдірахман.
-18 жасқа толған әрбір азамат арнайы медициналық тексерулерден өтіп, қан тапсыруға қарсы көрсеткіштері болмаған жағдайда донор бола алады. Донорлар екі ай сайын қан тапсыра алады, сондай-ақ тұрақты түрде қан тапсыру науқасқа ғана емес, донорға да пайдалы екенін естен шығармау қажет. Донор болу жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға көмектеседі және иммунитетті күшейтеді, – деді қан орталығының қызметкерлері.