Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісайлық жігіт автокөліктен ұялы телефон ұрлап кетті

Түркістан облысында полицейлер телефон ұрлап кеткен автоұрыны ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Автокөлік салонына ұрлыққа түсу-біздің елімізде бөтеннің мүлкін ұрлаудың кең таралған түрінің бірі. Әдетте, автоұрылар жүргізушілер қараусыз қалдырған, көбінесе терезелері мен есіктері ашық көліктерден бағалы заттарды ұрлайды. Бұндай жағдайда ұрыларға ақша, ұялы телефондар мен басқа да техниканы ұрлау, көліктен автобөлшектерді алу қиын емес. Мысалы, Жетісай АПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғын белгісіз автоұрының құрбаны болғаны туралы арызбен келген. Жәбірленуші Өркенді елдімекенінің бірінде оның «Audi 100» маркалы көлігінен құны 120 мың теңге тұратын ұялы телефоны ұрланғанын хабарлайды. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеп, күдіктілерді іздеуге кірісті.

Қылмыс орнына келген Жетісай АПБ жедел-тергеу тобының қызметкерлері автокөлікте қалған іздерді мұқият тексерді, сондай-ақ басқа да жедел іс-шараларды өткізді. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы аулаларды аралап, куәгерлермен сұхбаттасып, көшедегі бейнебақылау камераларын тексерді.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Жетісай АПБ полицейлері күдікті ретінде Шардара ауданында туылған тұрғынды ұстады. Жедел уәкілдер 37 жастағы күдіктіні аудандық полиция басқармасына жеткізді.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті жол бойында бұзылып тұрған көлікті көрген. Содан ол жәбірленушінің жанына келіп, көмектеспек болып сыңай танытқан.

Жәбірленуші оған көлігіне мініп, кілтті қосып оталдыруын өтінген. Алайда, күдікті осы сәтті пайдаланып, көлік ішінде тұрған ұялы телефонды жымқырып кеткені анықталды.

Сондай-ақ полицейлер күдікті ұялы телефонды базарлардың біріне 10 мың теңгеге сатып жібергенін анықтады. Бүгінгі таңда ұрланған ұялы телефон заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі уақытта бөтеннің мүлкін ұрлау жайты бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелеріне құнды заттарды көліктерде қалдыруға болмайтынын ескертеді. Сіз абай болуыңыз керек және қысқа уақытқа кетсеңіз де, көліктің терезелері мен есіктерін жабуды ұмытпаңыз. Көлікті жақсы жарықтандырылған жерге немесе күзетілетін тұраққа қою ұсынылады. Мүмкіндігінше көлікке қауіпсіздік дабылын орнатыңыз, бұл ұрыларды қорқытуға көмектеседі. Егер, Сіз, автокөлік ұрлығының құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада «102» телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру