Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Әлеуметтік желілердегі бейне-роликтің арқасында қызылордалық азамат алаяқтардан оңай құтылды

Қызылорда тұрғынына хабарласып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырған алаяқ оның есепшотының деректерін айтуды талап еткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Соңғы уақытта банктердің қызметіне қатысты алаяқтық фактілері жиілеп кетті,  алаяқтар тұрғындарға өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, алдау және азаматтардың сеніміне кіру арқылы олардың жеке құпия деректеріне қол жеткізіп, аңғал азаматтардың есепшоттарындағы ақша қаражаттарын заңсыз иемденуді әдетке айналдырды.

3 наурызда Kaspi банктің тұтынушысы болып табылатын 1974 жылы туған облыс орталығының тұрғынына белгісіз біреу қоңырау шалған. Әңгіме барысында өзін банк қызметкері ретінде таныстырған қыз 47 жастағы азаматтың банктік есепшотынан белгісіз біреулердің ақшасын аударып жатқандығын мәлімдеп, код бойынша құпия сөзді өзгертуді сұраған.

Қала тұрғыны әлеуметтік желілердің белсенді пайдаланушысы болғандықтан, жақында Қызылорда қалалық Полиция басқармасының «Facebook»-тегі парақшасынан алаяқтар туралы бейнероликті көргенін есіне түсірген.

Ер адам бірден күдіктеніп, алаяққа қандай-да бір ақпарат беруден бас тартқан. Сондай-ақ Қызылорда қаласы Полиция басқармасының «102» пультіне қоңырау шалған. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Айта кету керек, жыл басынан бері өңірде 125 алаяқтық тіркелген, оның ішінде 8-і телефон алаяқтығы болып табылады.

Полиция басқармасының басшылығы азаматтарға ешкімге, тіпті банк қызметкеріне де өзіңіздің шоттарыңыз бен карталарыңызға қатысты дербес ақпаратты айтуға болмайтынын ескертеді, сондай-ақ қандай-да бір «банк қызметкері» сізге қоңырау шалып, осы деректерді хабарлауды сұраса, дереу банктің ресми Call-орталығына қоңырау шалуды ұсынады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру