Велосипедтер мен электр самокаттарды ұрлайтын алматылық рецидивист құрықталды
Алматы тұрғыны соңғы он жылда жүйелі түрде ұрлық жасаумен айналысып келген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
28 жастағы азамат қылмыстық әрекеттерін негізінен Алматы қаласының Әуезов ауданында жасаған.
– Небәрі он күннің ішінде қаскүнем бес рет бөтен біреулердің мүлкін ұрлаған. Ол көп қабатты үйлердің кіреберістерінен велосипедтер мен электр самокаттарды жымқырып, әрі қарай ұрланған заттарды бейтаныс адамдарға сатқан. Қаскүнем қылмыстық жолмен табылған «табысын» өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Ұсталған адам бұрын бірнеше рет сотталған. Ол соңғы рет 2019 жылы сотты болған. Түрмеден босап шыққаннан кейін, ол тиісті қорытынды жасамай, ескі әдетіне қайта көшкен. Қазіргі таңда оған ұрлықтың бес фактісі бойынша айып тағылды. ҚР ҚК-нің 188-бабына (Ұрлық) сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде. Оның Алматы қаласының аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда, – деді Әуезов аудандық ПБ бастығы Ұлан Әбілқайыр.