Тараздық полицейлер боранда жолда қалған көлік жүргізушісіне көмектесті
Тараздық полицейлер боранда жолда қалған көлік жүргізушісіне көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысының Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолының 582 шақырымында қар құрсауында қалып қойған көлік жүргізушісіне көмек көрсетті.
Ағымдағы жылдың 16 наурызында Жуалы ауданы Шақпақ ауылының учаскесін патрульдеу кезінде патрульдік полиция батальонының қызметкерлері 37 жастағы жүргізушінің басқаруымен қарда тұрып қалған «БМВ 520» маркалы автокөлікті тапты.
Полиция қызметкерлері мен қамқор азаматтардың күшімен көлік жүргізушімен бірге көлікті қар құрсауынан босатты. Оның айтуынша, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, ол Тараздан Шымкент қаласына қарай бет алған. Алайда, жүріп келе жатқан көлігі жолдан шығып кетіп, жол жиегіндегі омбы қарға кіріп кеткен. Өз бетінше қардан шықпақ болған әрекетінен ештеңе шықпай абыржыған жүргізуші жылыну үшін көлікке кіріп отырған. Оған күтпеген жерден көмек келді.
Осындай жағдай тағы қайталанбас үшін жамбылдық полиция қызметкерлері Түркістан облысы шекарасының аумағына дейін көлікпен бірге еріп жүрді. Ер адам полицейлерге шын жүректен алғысын айтып, оларға күрделі қызметте сәттілік тіледі.
– Ауа-райының қолайсыздығын, жолдарда көктайғақтың пайда болуын, жел мен боранның күшеюін, сондай-ақ кей жерлерде тұманның түсуін ескере отырып, жол-көлік оқиғаларының өсу қаупі артады. Жүргізушілер ауа райы туралы ескертулерге назар аударып, жолдағы жағдайды қадағалау қажет, жолға шықпай, өз өмірі мен жақындарының денсаулығына қауіп төндірмеуі керек, – деді Жамбыл облысының Полиция департаменті.