Полицейлер династиясы: Мунтиевтер отбасы полиция қатарында
Батыс Қазақстан облысында бір отбасының төрт мүшесі ішкі істер органдарында қызмет етеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер династиясы – бұл Отанға қызмет ету дәстүрін жалғастырушы отбасы. Мұндай отбасы – әрқашан әулеттің абыройы мен жас ұрпақты тәрбиелеудегі ата-бабаларымыздың өмірлік ұстанымдарын жадында берік сақтаған және осы құндылықтар арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеген отбасы.
Осындай отбасының бірі – Мунтиевтер жанұясы.
Мунтиевтер отбасында тоғыз бала тәрбиеленген, оның төртеуі полицей мамандығын таңдап, бүгін полиция қатарында қызмет етуде.
Нариман Мунтиев ішкі істер органдарында 2005 жылдан бері жұмыс істейді. Заң колледжін тәмамдағаннан кейін еңбек жолын ІІМ Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының полицейі лауазымынан бастаған. 2012 жылдан бері Шыңғырлау аудандық полиция бөлімінде уақытша ұстау изоляторының кезекші полицейі болып істейді. Шені – полиция аға сержанты. Қызмет бабында қол жеткізген игі нәтижелері үшін ПД және аудандық Пб басшылығының грамоталарымен және алғыс хаттарымен бірнеше мәрте көтермеленген.
– Тәртіп сақшысы – ол ең алдымен адал қызмет етіп, өзі тәртіпті сақтауы тиіс. Жұмысы нәтижелі болу үшін әркім өз ісін жақсы сезіммен орындауы тиіс. Кез келген сақшының жұмысында қиын сәттер көп кездеседі. Бірақ ештеңеге мойынсұнбай, берілмей, тек алға жүру керек!, – дейді Нариман.
Үлкен әпкесі – Айкүміс Мағзомова (Мунтиева) ол қазір БҚО ПД Жедел-криминалистикалық басқармасы бастығының орынбасары лауазымында қызмет етеді. Оның ішкі істер органдарында 25 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар. Айкүміс Төлеуішқызы басшылықтың алғыс хаттарымен бірнеше қайтара марапатталған. Ішкі істер министрінің Құрмет грамотасы табыс етілген. Оның ұлы – Бауыржан Мағзомов анасының жолын қуып, Орал қ.ПБ Абай Пб учаскелік полиция инспекторы лауазымында жұмыс істейді, шені – полиция аға лейтенанты.
Ортаншы әпкесі – Нұржамал Құсайынова (Мунтиева) ішкі істер органдарында 2006 жылдан бері қызмет етіп келеді. Қазір ол Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының Жаңақала ауданы бойынша полицейі, шені – полиция аға сержанты.
Кіші қарындасы – Әйгерім Мунтиева ішкі істер органдарында жұмыс істегеніне 15 жыл болған. Қазір Орал қ.ПБ Абай полиция бөлімінде кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы лауазымында өз қызметін атқаруда.