Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Арбаға таңылған Біржан мүгедек жанға арналған құрылғы жасап шығарды

Батыс Қазақстан облысында Біржан Қожақовтың қолымен жасалған мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған құрылғыны мұқтаж балаларға сыйға тартпақ, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұрын ішкі істер органдарында жұмыс істеген, қызметтік міндеттерін атқарып жүріп, екі бірдей аяғынан айырылған жеке кәсіпкер Біржан Қожақов департамент басшысының қабылдауында болды.

Біржан, кезінде ішкі істер органдарында қызмет етіп, тәртіп сақшылары қатарында сап түзеп, еліміздің тыныштығын қорғаған құрметті әріптесіміз.


Кейін денсаулығының күрт нашарлауына байланысты полиция қатарынан шығуға мәжбүр болды. Қазір бұл азамат көпке үлгі боларлық іспен айналысып жатыр.

Біржан жеке кәсіпкерлікпен айналыса отырып, сал ауруына шалдыққан балаларға тегін көмек көрсетуді қолға алғанын естігенде, әріптесімізге іштей қатты риза болдық.
Өзі арбаға таңылып отырса да, сал ауруына шалдыққан қанша баланы аяғынан тұрғызуға қол ұшын беріп, сауапты іспен айналысып жүргені кімді болса да тебірентері хақ.


Осындай көзінде оты, бойында жігері бар Біржан сияқты қайырымды адамға біз әрқашан қолдау көрсетуге тиіспіз. Полиция департаментінің барлық жеке құрамы да оның ойын құптап, бір күндік жалақымызды аударып, ісіне сәттілік тілеген едік.


Міне бүгін, Қожақов мырзаның сол жоспары іске асқалы отыр. Қиялы мен ұсталық шеберлігін ұштастыра білген Біржанның қолымен жасалған мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған құрылғы мұқтаж балаларға сыйға тартылмақ.

Мұндай құрылғылар біздің елге көбінесе шетелден әкелінеді. Бағасы да шарықтап тұрады. Оны сатып алуға бірінің жағдайы жетсе, екіншісінің қалтасы көтермейді және оны кез келген ұста жасай алмайды. Осы құрылғыларға мұқтаж бүлдіршіндерді және олардың ата-аналарын мамыр мерекелерінің қарсаңында мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін полиция қызметкерлерінің атынан берілетін болады.


Қазіргі карантиндік жағдайды ескере отырып, қызметкерлер өздері балалардың табылдырығына дейін апарып береді.

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру