БҚО-да кезекті "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды
Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауылындағы Тайыр Жароков атындағы жалпы білім беретін орта мектепте "Жас сақшы" полиция сыныбының салтанатты ашылуы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа сыныпқа Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагері, үш мәрте "Қызыл Жұлдыз" орденінің иегері Сұлтан Бисекеновтің есімі берілді.
Аталған бастаманың негізгі мақсаты – жасөспірімдерді патриоттық рухта тәрбиелеу, құқықтық мәдениетін қалыптастыру және құқық қорғау қызметіне деген қызығушылығын арттыру.
Сұлтан Бисекенов ішкі істер органдарында ұзақ жылдар бойы мінсіз қызмет атқарған. Ол еңбек жолын қатардағы милиция қызметкері ретінде бастап, бөлімше бастығы деңгейіне дейін көтерілген. Ерлігі мен еңбегі үшін ІІ дәрежелі "Отан соғысы" орденімен, "1941–1945 жж. Германияны жеңгені үшін" медалімен және өзге де мерейтойлық наградалармен марапатталған.

Жаңа "Жас сақшы" сыныбына 15 оқушы қабылданды. Енді олар арнайы бағдарлама бойынша білім алып, құқық қорғау органдары қызметкерлерімен кездесулер өткізіп, түрлі іс-шараларға белсенді қатысады.
Салтанатты шараға БҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Ержан Ергарин, аудан әкімінің орынбасары Мерболат Бисенов, полиция қызметкерлері мен ардагерлер, Отбасыны қолдау орталығының директоры Эльмира Шарафетдинова, сондай-ақ ұстаздар мен оқушылар қатысты.
Жәнібек ауданы полиция бөлімінің бастығы Мейрамхан Бапахов өз сөзінде бұл сыныптың болашақ құқық қорғаушыларды тәрбиелеудегі маңызын атап өтті.
