Екібастұзда "Жас сақшы" сыныбының оқушыларына заң, тәртіп және қорғану дағдылары түсіндірілді
Екібастұз қаласының №36 мектебінде ЖҚАЖ қызметкерлері "Жас сақшы" полиция сыныбының оқушылары үшін қауіпсіздік сабағын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға 20-ға жуық оқушы қатысты.
ЖҚАЖ жауынгері Арман Омаров балалармен қоғамдық орындарда және көшеде қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызын, сондай-ақ өздерін немесе жақындарын қорғау қажет болған жағдайда қалай әрекет ету керегі туралы айтты.
Балалармен түрлі өмірлік жағдайлар талқыланып, олар өзін-өзі қорғау тәсілдерін тәжірибе жүзінде көрсетті. Қандай жағдайда қалай әрекет ету керегін, жанжалды дұрыс шешу жолдарын үйренді. Сонымен қатар құқық бұзушылықтың салдары түсіндіріліп, сталкинг, буллинг және кибербуллингке қатысты заң талаптары таныстырылды. Заңды ерте жастан білу маңызды екені атап өтілді.
Теориялық бөлімнен кейін оқушылар саптық дайындықтарын көрсетіп, тәртіп, қозғалыс нақтылығы және командаларды орындау деңгейі бойынша сыналды.
"Жас сақшы" сыныбы — оқушыларды құқық қорғау саласына дайындайтын арнайы бағыт. Мұнда жалпы пәндермен қатар құқық негіздері, криминалистика, дене дайындығы және өзін-өзі қорғау тереңдетіліп оқытылады. Бұл жоба жасөспірімдердің жауапкершілігін арттырып, қоғамға қызмет етуге баулиды әрі болашақ полиция қызметкерлерін даярлауға негіз болады.
