Шаңырақ күні: 60 жылдық махаббат пен отбасы берекесінің үлгісі
17 наурыз – Шаңырақ күні. Бұл – отбасы бірлігі мен ұрпақтар сабақтастығын дәріптейтін ерекше мереке. Осындай берекелі шаңырақтың жарқын үлгісі – полиция ардагері, отставкадағы милиция полковнигі Үдербаев Нұрлыбек Ғалиұлының отбасы. Наурызнама аясында Polisia.kz ұжымы үлгілі отбасы туралы ақпарат ұсынады.
Нұрлыбек Ғалиұлы 1961 жылы Кеңес Одағының Батыры Ызғұтты Айтықов атындағы Тарғын орта мектебін тәмамдап, еңбек жолын ерте бастайды. 1963 жылы әскер қатарына шақырылып, Самарқанд пен Ашхабад қалаларында азаматтық борышын өтейді. Ішкі істер органдарындағы қызметін абыроймен атқарып, 1997 жылы зейнеткерлікке шықты. Алайда елге қызмет ету жолын тоқтатпай, ардагерлер кеңесінде белсенді еңбек етіп келеді.
Ал оның өміріндегі ең әсерлі оқиға – шаңырағының қалай құрылғаны.
Барлығы бір қарапайым ғана пойыздағы таныстықтан басталған. Әскерге аттанып бара жатқан жас жігіт жол үстінде 11-сыныпты жаңа ғана бітірген, құрбысымен сапарға шыққан, қос бұрымына ақ бантик таққан жас қызбен танысады. Сол бір ерекше сәт кейін үлкен тағдырға ұласарын ол кезде ешкім білген жоқ.
Қоштасар сәтте жас сарбаз: "Маған хат жазыңдар" деп өтініш айтады. Осылайша басталған хат алмасу екі жылға созылып, алыста жүріп-ақ екі жастың жүрегін жақындата түседі.
Әскерден оралған соң Нұрлыбек Ғалиұлы көп күттірмей уәдесінде тұрып, қыздың үйіне құда түсіп, шаңырақ көтереді. Содан бері олардың махаббат тарихы өмірдің ыстығы мен суығына бірге төтеп берген берік отбасыға айналды. Биыл сол шаңыраққа – 60 жыл.
Өмірлік жары Мариямбүбе Ысқаққызы – 1947 жылы дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласып, "Рассвет" фабрикасында тігінші болып жұмыс істеген. Кей кезеңдерде отбасының негізгі табысын да өзі тауып, бар жауапкершілікті бірге көтере білді. Бірақ ол үшін ең бастысы – отбасының тыныштығы мен бірлігі болды.

Бүгінде бұл шаңырақта үш қыз өсіп-өніп, немере мен шөберенің күлкісі естіліп отыр. Бұл – жылдар бойы сақталған сыйластық пен төзімнің, махаббаттың жемісі.
Нұрлыбек Ғалиұлы тек елге қызмет еткен азамат қана емес, шаңырағын сақтай білген отағасы. Полиция ардагері ретінде тәртіп пен жауапкершілікті ту етсе, отбасында жылулық пен түсіністікті бәрінен биік қоя білді.
Шаңырақ күні – осындай тағдырлар арқылы өзінің шынайы мәнін табады. Үдербаевтар әулетінің тарихы – бір кездейсоқ таныстықтан басталып, тұтас бір әулеттің берекесіне айналған махаббаттың айқын дәлелі.
