Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Династиялық отбасы 25 жыл бойы махаббат пен келісімде өмір сүріп келеді

15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай Polisia.kz редакциясы құқық қорғау органдарында қызмет ететін отбасымен таныстырмақ. 

Отбасы негізін қалаушылар –  Бауыржан Зинуллин мен Майра Құлжанова 25 жыл бойы махаббат пен келісімде өмір сүріп келеді. Ерлі-зайыптылар ұлы мен қызын өсіріп, оларға жақсы тәрбие мен білім берді.

Бауыржан Зинуллин – он бес жылдан астам өмірі мен қызметін мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының игілігіне берді. Бауыржан Ғабитұлы орта білім беру мекемесін тәмамдаған соң, әскерге аттанады. Әскерден келгеннен кейін, еңбек жолын сол кездегі Теңіз ауданы Октябрь совхозының ауыл шаруашылығында қызмет атқарған. Қызмет атқара жүріп, Орталық Азия университетінің заңгер мамандығын бітіреді.

1992-1997 жылдар аралығында Теңіз ауданы Ленин атындағы орта мектебінің дене шынықтыру мұғалімі қызметін атқарды. Кейін 1997 жылдан бастап Атырау облысы мемлекеттік өртке қарсы қызметінің мемлекеттік өрт қадағалау бөлімі өртке қарсы нормалау және лицензиялау тобының инженері лауазымынан бастап, әкімшілік жұмыстары басқармасының бастығы лауазымына дейін қызмет атқарып, зейнеткерлік демалысына шыққан. Бауыржан Ғабитұлы өртке қарсы қызмет
органдарында қызмет еткен жылдары көптеген жас қызметкерлерді тәрбиелей отырып, оларға өзінің бай тәжірибесін берді. Мінсіз қызметі үшін ТЖМ марапаттарына, алғыс хаттары мен грамоталарға бірнеше рет ие болды. Бауыржан Ғабитұлының жақсы қасиеттері аз емес, ол өте мейірімді, қайырымды, еңбекқор, кез келген уақытта көмекке келуге дайын адам. Әріптестер арасындағы құрмет пен сыйластыққа ие болуы соның дәлелі. Бауыржан Ғабитұлы құрметті демалыста жүрсе де, “Өрт сөндіруші” ЖШС-нің кадр жұмысы бөлімінің бастығы лауазымында
еңбек етіп келеді.

Ал жұбайы – Майра Мұзафарқызы үй шаруасымен, балаларымен айналысумен қатар, “JKМ” мекемесінің бас бухгалтері лауазымын қоса атқарды.

– Отбасылық бақыт көбінесе әйелдің дана болуына байланысты. Махаббат махаббатымен, бірақ бірге өмір сүре бастаған жастар әр түрлі және көптеген нәрселерге басқа да көзқараспен тәрбиеленіп келе жатқанын түсінген жөн. Ерлі-зайыптының басты міндеті – отбасылық ошақты сақтап қалу, – дейді М.Құлжанова.

Кішкентайынан әкесіне еліктеп өскен ұлы – Ербол Габитов мектеп бітірген соң, еш ойланбастан әкесінің жолын қуып, Ресей Федерациясы мемлекеттік өртке қарсы қызмет академиясына оқуға түседі. Аталған оқу орнын 2018 жылдың маусым айында бітіріп, еңбек жолын Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Атырау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының аға
инженері лауазымынан бастады. Қызмет атқару кезінде өзін жақсы жағынан көрсетіп, 2019 жылы Атырау қаласы әкімдігінің “Жыл үздігі – 2019” номинациясының бас жүлдесін иемденді.

Қызы – Альбина Габитова  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 3-курс студенті.

– Бізді адал өмір сүруге тәрбиеледі. Ата-аналарымыз бізге әрдайым үлгі болды.
Олар бәрін бірге жасады. Әрқашанда олармен ойымызды ашық бөлісіп, кеңес алуға болады, – деді Ербол Бауыржанұлы.

Отбасына амандық және баянды отбасылық бақыт тілейміз. Әрбір отбасының өркендеуімен біздің еліміз, біздің Отанымыз нығая берсін!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру