Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ТЖ салдарын жоюға арнайы күштер жұмылдырылды

Шымкент қаласы Полиция департаментінің онға жуық қызметкерлері жауын-шашынның салдарынан су басқан аймақтағы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

14 мамыр сағат 01.14-те қатты жауған жауын-шашынның салдарынан Бадам өзенінің суы арнасынан асып кеткен. Нәтижесінде Бадам өзенінің бойында орналасқан бірқатар үйлерге залал келтірген.


Жағалаудың бұзылуы салдарынан Еңбекші ауданы, 195 орам, Гауһар тас көшесінде орналасқан тұрғын үйлердің құлау қаупін тудырып жатыр.


Оқиға орнына дер кезінде жеткен Шымкент қаласы Полиция департаментінің онға жуық қызметкерлері мен сол аумаққа бекітілген учаскелік полиция инспекторы Болат Тоғызбаев тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салды. Олар тұрғындардың қауіпті аумаққа өтіп кетпеуін бақылауға алып, аумақты оқшаулады. Жергілікті халықтың тұрмыстық заттарын тасымалдауға көмектесті. Сондай-ақ құқықтық тәртіпті қамтамасыз етті. Оқиға орнындағы тұрғын үйлерді тонау сынды қылмыстық фактілердің алдын-алуға күш жұмылдырды.


Қазіргі таңда зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ. ТЖ салдарын жоюға ТЖ департаментінің 16 қызметкері және бес техникасы және Полиция департаментінен алты автокөлік, 40 қызметкері жұмылдырылған.


Төтенше жағдайға байланысты қауіп сейілмесе осы аумақтағы тұрғындарды Бадам-1 елді мекенінде орналасқан №84 орта мектебінен эвакуациялауға орын дайындалған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру