Теміртауда жас жігіт екі ай бұрын адам тонағанын мойындады
Теміртау қаласының тұрғыны осыдан екі ай бұрын адам тонағанын мойындады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
13 наурыз күні Теміртау қалалық Полиция басқармасына қарасты Ескіқалалық полиция бөлімінің қызметкерлері рейдтік іс-шаралар өткізу кезінде қала көшелерінің бірінен полиция қызметкерлерін көре салып, қаша жөнелген азаматты байқаған. Қимылдары күдік тудырған жас жігітті полиция қызметкерлері бірден қолға түсірді.
Оның 19 жастағы қала тұрғыны екені белгілі болды. Ұсталған азаматтан жауап алу барысында жас жігіт 10 қаңтар күні қаладағы дүкендердің бірінің жанында белгісіз бір азаматшадан ашық түрде қол сөмкесін тартып әкеткенін мойындады.
Полиция қызметкерлері 32 жастағы жәбірленуші азаматшаны анықтады. Жәбірленуші өзіне қатысты қылмыс жасалғанын растады.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 191-бабына (Тонау) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.