Тараз қаласының полицейлері 60-тан астам қонағы бар тойды тоқтатты
Жамбылдық полицейлер санитарлық нормаларды бұзып жасалған кезекті той өткізу дерегінің жолын кесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тараз қаласының ойын-сауық мекемелерінде санитарлық нормалардың сақталуын тексеру кезінде мобильді топтар түнгі сағат 23:00-ден кейін ойын-сауық мекемелерінде жұмыс жасау, бетперде тақпаған клиенттерге қызмет көрсету, көптеген қонақтар шақыру секілді бұзушылықтарды анықтады.
Мәселен, Тараз қаласының полицейлері 60-тан астам қонақтың қатысуымен ұйымдастырылған ұжымдық іс-шараны тоқтатты. Шақырылған қонақтардың жасы 5-тен 73 жасқа дейінгі аралықта болған.
Полиция қызметкерлерін көріп, келушілер отырысты ұйымдастырушылармен асығыс түрде қоштасып, мереке орнынан кете бастаған. Барлық қонақтармен түсіндіру жұмыстары өткізілді, ал іс-шараны ұйымдастырушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
- Жамбыл облысында карантиндік шектеулер қолданыста, алайда азаматтар санитарлық қорғану шараларына немқұрайлы қарауда: бетперде кимейді, әлеуметтік қашықтықты сақтамайды, сондай-ақ бұқаралық іс-шаралардан қалыс қалмайды. Тағы да кезекті рет азаматтарды сақтық шараларын сақтауға және жақындарының өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеуге шақырамыз, - деді ведомство өкілдері.
Жыл басынан бері төрт мыңнан астам түрлі меншік нысандары рейдтік тексерулермен қамтылды. Карантин режимді сақтау бойынша объектілерде 294 бұзушылық дерегі анықталды, жиналған материалдар ҚР ӘҚБтК 425-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту мақсатында Жамбыл облысының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберілді. Анықталған бұзушылықтар бойынша олар жалпы сомасы 30 860 885 теңгеге 264 айыппұл салды.