Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары КА-168/2 түзеу мекемесінің өндірістік аймағына барды
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары КА-168/2 түзеу мекемесінің өндірістік аймағына барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Алмас Шамишевтің қатысуымен, облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаров және облыс прокурорының орынбасары Ғалымжан Тілеубаев аталған департаментке бағынысты КА-168/2 (қауіпсіздігі орташа) түзеу мекемесінің өндірістік аймағын аралады.
Сондай-ақ аталған іс-шараға облыстың барлық мүдделі басқармаларының басшылары мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының және «Еңбек» РМК филиалының өкілдері де қатысты.
Іс-шара барысында қатысушылар темір-бетон учаскесін, тігін цехтарын, механикалық цех, ағаш өңдеу цехы, наубайхана мен мекеменің басқа да жұмыс істеп тұрған өндірістік учаскелерінде болып, ҚР ІІМ ҚАЖК «Еңбек» РМК-мен бірлесіп еңбек етіп келетін жеке кәсіпкерлермен кездесті.
Мекеме аумағындағы өндірістік аймақты аралау барысында, Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Алмас Шамишев, бос тұрған өндірістік ғимараттар мен үй-жайлардың құқығын белгілейтін құжаттары мен техникалық құжаттарының болмауы – шағын және орта бизнес субъектілерін тартуға, мекеме аумағындағы өндірістік қуаттарды арттыру және сотталғандар үшін жұмыс орындарын көбейтуге айтарлықтай кедергі келтіріп отырғанын тілге тиек етті.
Іс-шараның қорытындысымен, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Руслан Хамбаров, шараға қатысқан тиісті мүдделі басқармалардың басшыларына қаралған проблемалық мәселелер бойынша жазбаша ұсыныстар енгізу туралы жеке тапсырма берді.
– Қамауда ұсталатын сотталғандарды ақылы еңбекпен қамтамасыз ету – түзеу мекемелерінің міндеттерінің бірі болып табылады.
Қазіргі уақытта Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты КА-168/2 түзеу мекемесінің аумағында еңбекке қабілетті сотталғандардың 68,6 пайызы ақылы жұмыстарда еңбек етуде. Сотталғандар өздерінің тапқан жалақыларын отбасыларына жібереді және сотпен тағайындалған талап-арыздарды өтейді.
Түзеу мекемесіне жасалған бүгінгі іс-шараның мақсаты – мекеме аумағында өндірістің жаңа түрлерін ашу, шағын және орта бизнес субъектілерін тарту.
Мекеме аумағында кәсіп ашатын кәсіпкерлер саны артқан жағдайда, сотталғандар үшін бірнеше жаңа жұмыс орындары ашылады, – дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Алмас Шамишев.
Айта кету керек, түзеу мекемесінің өндірістік аймағында өткізілген іс-шара бұған дейін облыстық әкімдікте өткен консультативтік-кеңесші органдарының (ККО) отырысында көтерілген «сотталғандарды еңбекпен қамту және мекемелердегі өндірісті кеңейту» мәселелерінен кейін, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасы бойынша ұйымдастырылды.