Павлодар облысының борышкерлерінен 9 млн теңгеден астам берешектері өндірілді
26-28 наурыз аралығында төленбеген әкімшілік айыппұлдарды өндіру мақсатында Павлодар облысының аумағында «Борышкер» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Полиция қызметкерлері қаулылар бойынша салынған айыппұлдарды өндіру бойынша шаралар қабылдады. Облыс бойынша барлығы екі мыңға жуық құқық бұзушы тұрғылықты жері бойынша тексерілді. Нәтижесінде иелері айыппұлдарды өтеуден жалтарған 21 көлік құралы айыппұл тұрағына қойылды,- деді Павлодар облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Арыстан Дүйсембаев.
Мәселен, Ақсу қаласында полиция қызметкерлері «Мерседес – Спринтер» автокөлігін тоқтатқан, тексеру кезінде жүргізушінің әкімшілік айыппұлдарды бірнеше ай бойы төлемегені анықталды, онда шамамен 90 мың теңгеге жуық айыппұл жиналған.
Ал Павлодар қаласында «Ниссан» автокөлігі иесінің 150 мың теңге айыппұлы болды. Полиция қызметкерлері борышкерлердің автокөліктерін айыппұл тұрағына қойды. Жүргізушілер қарызды толық өтегеннен кейін ғана рөлге отыра алады.
– Пәтерлерді және аулаларды аралау барысында борышкерлермен айыппұлдарды белгіленген мерзімде төлеу қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Айыппұл төлеу туралы қаулыны мерзімінде орындамаған азаматтарға қатысты материалдар сот орындаушылары өндірісіне және құқық бұзушылардың жұмыс орнына мәжбүрлеп орындату үшін жіберіледі, ал бұл жалақыдан айыппұл сомасын мәжбүрлеп алу немесе өзге де қолайсыздықтарға әкеп соқтырады, – деп атап өтті Арыстан Дүйсембаев.
Полиция қызметкерлері ең дұрысы заң талаптарын сақтау екенін еске салады. Айыппұлдарды екінші деңгейлі банктердің кассалары және мобильді қосымшалары арқылы жеті тәулік ішінде 50% жеңілдікпен төлеуге болады. Егер қандай-да бір себептермен құқық бұзушы айыппұлды жеті күн ішінде төлей алмаса, онда оған 30 күн ішінде өз еркімен төлеуге мүмкіндік беріледі.