Түркістанда жас қыз бірнеше адамды тақырға отырғызған
Түркістан облысының полицейлері әлеуметтік көмек алып беремін деп тұрғындарды алдаған жас қызды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінде тұрғындар алаяқтардың арбауына иланып, оларға ақшаларын өз қолдарымен беріп, соңында бармақтарын тістеп қалуда. Танымайтын, өмірінде бірінші рет көрген адамның күмәнді ұсынысын қабыл алып, бар жиған-тергенінен бір сәтте айырылып жатқандар да баршылық. Сайрамдық полицейлер осындай кезекті алаяқтықты ашты.
Нақтырақ айтсақ, Сайрам ауданының ПБ кезекші бөліміне бірнеше жергілікті тұрғын арызданып келген. Әйелдердің айтуынша, оларды бір таныс қыз мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмекті алып бере аламын деп әбден иландырған. Алаяққа сеніп қалған әйелдер оның сұрағанын берген. Алайда нәтиже болмағандықтан, олар сан соғып қалған. Содан кейін тұрғындар полицейлерден көмек сұрады.
Аталған жайт Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді. Полицейлер жәбірленушілерді алдап, ақшаларын заңсыз иемденген алаяқты ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде күдікті тұрғылықты мекенжайынан ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Ол жергілікті тұрғын болып табылатын жұмыссыз жас қыз болып шықты.
Тергеу барысында күдікті азаматша өзінің ақшадан қиналып жүргенін алға тартып, оңай жолмен ақша тапқысы келгенін мойындады. Ол жәбірленушілерден 500 000 теңгеден астам ақша алған.
Қазіргі таңда қылмыстық іс сотқа жолданды.