Атыраудың тергеу изоляторында күдікті мен оның əйелі некелерін қиды
Атыраудағы тергеу изоляторында 25-жастағы күдікті мен азаматтық некедегі әйелі некелерін қиды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сондай-ақ, олардың ортақ балаларын әкесінің атына заңдастыру бойынша жұмыстар жүріп жатыр.
Атырау қаласының тұрғыны көлікті мас күйінде жүргізгені үшін қамауға алынған. Бостандықта жарымен азаматтық некеде тұрып, екі ұлы дүниеге келген. Ер адам тергеу изоляторына түскен кезде əйелімен некесін заңдастыруды ойлап, мекеме басшылығына өтініш түсірген.
– Тергеу изоляторында некемді заңдастырғым келді. Бостандыққа ертең шығамыз, келесі ай шығамыз деп жүргенімізде, осындай жағдайға тап болдым. Некемді тезірек заңдастырып, балаларымның заңды әкесі болғым келді. Осы жерден шыққаннан кейін, дүркіретіп той жасайтын боламыз, – дейді күдікті А.
УГ-157/1 мекемесінің Заң тобының заң кеңесшісі Алмагүл Кенжеғалиеваның айтуынша, екі жастың некесін заңдастыру үшін ешқандай кедергі жоқ.
– Аталған күдіктінің өтініші қанағаттандырылып, Атырау қалалық АХАЖ бөліміне жіберілді. Және де әкелікті заңды түрде тану бойынша да өтініші қаралды. Тергеудегі азаматтар да, сотталғандар да некелерін мекемеде қия алады. Бұл үшін мекеме әкімшілігі қажетті құқықтық көмектерді көрсететін болады, – дейді Алмагүл Кенжеғалиева.
Айта кету керек, өткен жылы УГ-157/1 мекемесінде 10-ға жуық сотталған мен күдіктінің некелері заңдастырылып, заңды түрде әкелікті тану бойынша өтініштер қанағаттандырылған.