Түркістандық полицейлер студенттермен кездесті
Түркістандық полицейлер студенттерге арнап дөңгелек үстел өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ел болашағы жастарға жан-жақты қолдау көрсетіп, қоғам өміріндегі белсенділігін арттырып, оларға заң саласынан мәліметтер беріп, құқықтық сауаттылығын жақсарту мақсатында Түркістан облысының полицейлері жастармен кездесіп, түрлі іс-шараларды атқарып келеді. Сондай игі бастамалардың жалғасы ретінде бұл жолы киелі өңір сақшылары тағы да жас буын өкілдерімен кездесті.
Түркістан облысы Полиция департаментінің мәжіліс залында ұйымдастырылған дөңгелек үстел «Салауатты өмір салты және денсаулық» тақырыбында кеңінен өрбіді. Аталған бас қосуға карантин талаптары сақтала отырып, Түркістан қаласындағы Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті заң мамандығында оқитын жоғарғы курс студенттері шақырылды.
Жалпы қоғамда белсенді болып, өзгелерге де үлгі көрсете алатындай болу үшін бірінші кезекте деннің саулығы маңызды. Ол үшін салауатты өмір салтын ұстанып, спортты серік еткен дұрыс. Сондықтан бұл дөңгелек үстелде полицейлер тарапынан саулық пен спорт туралы маңызды мәліметтер айтылды.
«Қоршаған ортаны сақтай отырып, таза су ішіп, дұрыс тамақтанып, иманды және салауатты өмір салттарын тұрақты қалыптастырсақ, болашақтың жарқын кепілі боламыз. Жастарымыз әлсіз, денсаулығы нашар және зиянды әдеттерге әуес, жалқау болса, ол мемлекеттің өмір сүре беруіне де қауіп тудырады. Сондықтан аға буын ретінде жастарға спорт пен салауатты өмір сүрудің полиция қызметінде ғана емес, барлық адамға қажетті екенін жеткіземіз. Келешегінен үміт күттіретін бүгінгі жастар – ертеңгі қоғам иелері!», – дейді Түркістан облысы ПД Кадр саясаты басқармасының қызметкері Сәбит Бақтығалиев.
Дөңгелек үстел барысында белсенділік танытып, сақшыларға өз сауалдарын қойып, пікір білдіргендер де болды.
«Спортпен біз тек бос уақытта спортзалдарға барғанда ғана айналысамыз. Ал полицейлердің өмір сүруіне үңілер болсақ, сіздердің спортты серік еткендеріңізді байқаймыз. Сондықтан бүгін сіздермен бірге өткізген керемет бас қосудағы талқыланған әңгімелерді өз қатарластарыма да жеткізіп, дөңгелек үстелдерге жиі қатысуға шақыратын боламын», – деді Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті әлеуметтік ғылымдар факультеті құқықтану кафедрасының ІІІ курс студенті Әсел Абдуллаева.