Қызылорда облысында үздік тергеушілер марапатталды
Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы мінсіз қызмет атқарған тергеушілерді марапаттады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
6 сәуір – тергеушілер күні. Тергеушінің жұмысы – ішкі істер органдарындағы өте маңызды және жауапты қызметтердің бірі. Өз қызметінде ақиқат пен шындықты және әділдікті ту еткен тегеуріні мықты тергеушілер аянбай еңбек етеді.
Бүгін, осы ауыр жұмыстың жүгін арқалаған тергеушілерді, сонымен қатар анықтаушыларды Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Сұлтан Бектөре Жеңісбайұлы марапаттады.
Шара барысында барлық қажетті санитарлық талаптар қатаң сақталды.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен Тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі полиция полковнигі Маншарипов Айдарбек, І дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен Тергеу басқармасының аға тергеушісі Савлябеков Бауыржан марапатталды.
Департамент бастығының бұйрығымен Тергеу және Анықтау саласының барлығы 70-тен аса қызметкері марапатталды.
– Тергеу саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Тергеушілер мен анықтаушылардың күнделікті әрі тынымсыз еңбегі шыдамдылықты, сауаттылық пен біліктілікті қажет етеді. Сіздер қызметтеріңіздің барлық жауапкершілігін түсіне отырып, азаматтардың қауіпсіздігі мен конституциялық құқығын қамтамасыз етуде оң нәтижелерге қол жеткізіп, қиын қызметті абыроймен атқарып келесіздер. Қызметтеріңізде сәттілік, отбасыларыңызға бақыт, мықты денсаулық, шаңырақтарыңызға береке тілеймін, – деді Полиция департаментінің бастығы Сұлтан Бектөре Жеңісбайұлы.
Өз кезегінде марапатталғандар, еңбектері еленгені үшін алғыс айтып, Қазақстан Республикасына қалтқысыз қызмет ететіндерін жеткізді.
Жалпы, Қызылорда облысының Полиция департаментінде 130-ға жуық анықтаушы мен тергеуші қызмет атқарады.