Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда қос мерекеге орай полиция қызметкерлері марапатталды

Павлодарда Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті. Залда ішкі істер органдарының ардагерлері, интернационалист-жауынгерлер және бүгінгі тәртіп сақшылары бас қосты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Алмаз Тукенов ардагерлерді құттықтап, жеңімпаз батырлардың бейбіт болашаққа қосқан өлшеусіз үлесін атап өтті.

— Жеңіс күні — құрмет күні. Біз сол сұрапыл соғыста қаза тапқан батырларды еске алып, ардагерлерімізге ашық аспан, бейбіт өмір сыйлағаны үшін алғыс айтамыз. Ішкі істер органдарының тарихында қызметтік борышын адал атқарып, жанын қиған полиция қызметкерлерінің ерлігі мен жанқиярлығының жарқын үлгілері аз емес. Баршаңызға мықты денсаулық пен Қазақстан Республикасының игілігі жолындағы жаңа жетістіктер тілеймін, — деді А.Тукенов.

Мерекелік іс-шара аясында ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен Ерғанат Салиновқа полиция полковнигі атағы мерзімінен бұрын берілді. Айдар Сламбеков, Азамат Усенов, Бауыржан Асылбеков, Денис Дорденко және Қуаныш Шуғаипов полиция подполковнигі атағын алды. Медеу Бейсембай полиция майоры атанды.

"Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін" медалімен Асхат Маралбаев марапатталды. "Ішкі істер органдарының үздігі" төсбелгісі Рамиль Салиховқа табысталды. ҚР ІІМ-нің грамоталары мен алғыс хаттары Азамат Иманға, Асхат Күндізбаевқа, Сейфолла Қайырбаевқа және басқа да қызметкерлерге берілді.

Ерекше назар Ақсу қаласының учаскелік инспекторы Талант Талғатұлына аударылып, оған облыс әкімінің Құрмет грамотасы тапсырылды. Жалпы алғанда, ведомство басшылығының марапаттарына 100-ден астам полиция қызметкері ие болды.

Мереке полиция қызметкерлері дайындаған әсерлі концертпен аяқталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру