Түркістан облысында таксист әйелдердің ақшасын жымқырды
Түркістан облысында таксист алаяқтық жолмен әйелдердің ақшасын жымқырған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам аудандық Полиция басқармасына бірнеше жергілікті тұрғын арызданып, алаяққа алданғандарын хабарлайды. Жәбірленуші әйелдердің айтуынша, оларды жақын таныс емес таксист ер адам алдап, кәсіпкерлік үшін 500 мың мен үш миллион теңге аралығында жәрдемақы алып бере аламын деп әбден сендіріп, ақшаларын алып алған. Оңай жолмен жәрдемақыға ие болу үшін әйелдердің кейбірі 50-60 мың теңге берсе, келесі біреуі 128 мың теңге, ал басқалары 100 мың теңге беріп, соңында сан соғып қалған. Не қомақты жәрдемақы ала алмай, не берген ақшаларын қайтара алмай қалған тұрғындар полицейлерден көмек сұрайды. Аталған жайт АПБ-не ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алынды.
Әйелдерді алдап, заңсыз ұсыныс айтып, арбауына түсірген алаяқты ұстау мақсатында ауданның тәжірибелі тәртіп сақшылары тартылды. Жәбірленушілердің жауабы арқылы күдіктінің жеке басын анықтап, ұстады. Оны АПБ-не жеткізді. Ол бұрын дәл осындай қылмыс жасап сотты болған, жергілікті тұрғын болып шықты. Өз кінәсін толық мойындады. Ақшаларды өз қажеттілігі жұмсап жіберген.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті көлігіне мінген әйелдерді әңгімеге тартып, қомақты ақша алып бере алатынына сендірген. Алаяқтың сөзіне сенген әйелдер, өзімен қоймай, басқа да таныстарына айтып, олар да алаяқтың қармағына түскен. Яғни, алаяқ біреулерінен ақшаны қолма-қол, келесілерінен банктік кәртішкеге аудару арқылы алып отырған. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері ескертеді: кез келген адамның әдемі сөзіне сенбеңіздер. Барлық мәселені заңға сәйкес шешуге дағдыланыңыздар.