Қызылордалық полицейлер қылмысқа оқталған жасөспірімді ұстады
Қызылордалық полицейлер қылмысқа оқталған жасөспірімді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылдың сәуірдің 18 күні Қызылорда облысы Арал ауданының тұрғынынан хабарлама түсті. Тұрғынның айтуынша, белгісіз біреу үйінің пластик терезесін бұзып кіріп, ұрлық жасауға оқталған. Алайда, үй иелерінің барын байқап, дереу оқиға орнынан қашып кеткен.
Тұрғыннан түскен хабарлама бойынша оқиға орнына жедел барған Арал аудандық Полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары «ізін суытпай» ұрлыққа оқталған кәмелет жасқа толмаған жасөспірімді қолға түсірді.
Қазіргі таңда бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі және 188-бабының 3-бөлігінің 3-тармағымен (Тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кiрумен ұрлыққа оқталу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері оқиғаның мән-жайларын анықтауда.