Ақтөбе облысында иесіз жүрген 10 бас малдың иесі ауылдық чат арқылы табылды
Ақтөбе облысында учаскелік полиция инспекторы ауылдық чат арқылы жоғалған малдың иесін тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ойыл ауданы Берсиев ауылынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан Ырзабек шаруа қожалығынан 10 бас баспақ жоғалып кеткен. Мал иесі құзырлы органдарға арызданбаған. Өз бетімен ізденіске көшіп, көрші ауылдарға хабарлап айтқан, бірақ еш нәтиже болмаған.
Сәуір айының соңында ауылдық округтерді жұмыс барысында аралап, бақылау жүргізген учаскелік полиция инспекторы Жайдарбек Қоштанбеков Алтықарасу ауылдық округінен 20 шақырым жердегі еркін жайылымнан иесіз жүрген 10 бас малды көреді. Кейін ол малдарды жақын маңдағы ауылдық округке айдап әкеліп, ауыл тұрғынының бірінің үй ауласындағы сарайына қамайды. Учаскелік полиция инспекторы ауыл тұрғындарымен бірлескен WhatsApp чатқа еркін жайылымнан иесіз жүрген 10 бас баспақты тапқанын айтып, иесін анықтауға тырысты. Сол сәтте шаруа қожалығының иесі хабарламаны көре сала, полиция қызметкеріне телефон соғып, малдарды қайдан алып кете алатынын сұрады. Жайдарбек Қоштанбеков жоғалған баспақтарын шаруа қожалығына дейін жеткізуге көмек көрсеткен.
Мал иесі өз кезегінде полиция қызметкеріне алғысын білдірді.
Ақтөбе облысы Полиция департаменті мал ұрлығының негізгі себебі малдарын жайылымға қараусыз жіберетін иелерінің салғырттығы екендігін атап өтті. Иесіз жайылып жүрген төрт түлік барымташылар үшін оңай олжа. Сонымен қатар қараусыз мал жол-көлік оқиғаларына да себепші болып жатады. Егер сіз мал ұрлығының құрбаны болсаңыз, тез арада ішкі істер органдарының 102 телефонына хабарласуыңыз керек.