Қарағандыда ойын-сауық мекемесінде төбелескен әйелдер ұсталды
Қарағандыда ойын-сауық мекемесінде төбелескен әйелдер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
10 мамырда Қарағанды қаласының ПБ Орталық полиция бөліміне қала орталығында орналасқан кафелердің бірінде әйелдер төбелесіп жатқаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына жедел түрде Қарағанды қаласының ПБ Патрульдік полиция полкінің жасағы жетті.
40 жастағы жәбірленуші белгісіз екі әйелмен ұрысып қалып, арты төбелеске ұласқанын айтты. Бейтаныс әйелдер бұзақылық ниетпен әйелді ұрып, содан кейін қашып кеткен. Әр түрлі дене жарақаттарын алған жәбірленуші медициналық мекемеге жүгінді.
Кафеде орнатылған бейнекамеранының жазбасы арқылы полиция жанжалды нақты кім бастағанын анықтады. Полиция қызметкерлері 33 және 30 жастағы екі жас әйелді ұстады. Олар кінәсін мойындап, ҚР ҚК-нің 293-бабы (Бұзақылық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.