Түркістан облысында көлігіне қосымша жарықшамдарын орнатқан жүргізуші жауапқа тартылды
Түркістан облысында көлігіне қосымша жарықшамдарын орнатқан жүргізуші жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының полицейлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен болдырмау мақсатында, рейдтік-профилактикалық жұмыстарды үнемі жүргізіп отырады. Оның ішінде әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу, полицейлердің күн тәртібінен түскен емес.
Осы бағытта жүргізілген кезекті қызмет барысында, Instagram парақшалардың бірінде Лада-приора көлігінің қосымша жарықшамдарын орнатып, заңсыз қайта жабдықтап, емін-еркін көшеде кетіп бара жатқан бейнежазбаны анықтады. Орын алған құқық бұзушылықты жасаған жүргізушіні табу мақсатында тәртіп сақшылары бірден іске кірісіп, жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде оқиға Бәйдібек ауданындағы көшелердің бірінде болғаны айқындалды. Көлік иесі Бәйдібек ауданының тұрғыны, жігіт болып шықты.
Жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жас жігітке қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 7-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылып, 15 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Ал көлігі айыптұраққа қойылды. Өз кезегінде жүргізуші кінәсін толық мойындап, жасаған әрекеттері үшін өкініп, алдағы уақытта мұндай бассыздықтарға жол бермейтінін жеткізді.
Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелерін жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады. Жол қозғалысы ережелерін бұзудың соңы жүргізуші куәлігінен айыруға, әкімшілік қамауға немесе қылмыстық жауапкершілікке, сондай-ақ жүргізушілер мен жолаушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан жолда жүргенде ережеге бағынып, қауіпсіздікті сақтауларыңызды сұранамыз. Осы орайда кейбір жүгенсіз жүргізушілерге құр мақтанға салынып, соңында опық жеп қалмаңыздар деп ескертеді.