Отырарда жеті автокөлік айыптұраққа қойылды
Түркістан облысында «Қауіпсіз жол» іс-шарасы барысында бір апта ішінде 251 құқықбұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың мамыр айының 17 мен маусым айының 16 күндері аралығында республика көлемінде «Қауіпсіз жол» іс-шарасы өткізілуде. Аудан аумағының автожолдарында қалыптасқан жедел жағдайды жақсарту, жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында ұйымдастырылған шара барысында, Отырар АПБ жергілікті полиция қызметі бөлімшесі және әкімшілік полиция бөлімшесі қызметкерлерімен тұрақты түрде іс-шаралар өткізілуде.
Жедел-профилактикалық іс-шарасының жалпы төрт тәулігі ішінде 251 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабы (Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы) бойынша 90 дерек, 593-бабымен (Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау) – 22 жайт, 590-бабы (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша бес дерек тіркеліп, әкімшілік хаттама түзілген. Жеті автокөлік айыптұраққа қойылды.
Мысалы, Отырар ауданы Шәуілдір ауылы тұрғынының Ваз-2106 РФ-ның көлігін тоқтатқан полицейлер, жүргізушінің мас халде болуына күдіктенеді. Тәртіп сақшылары осы жайтты нақтылау үшін медициналық сараптамадан өткізеді. Куәландыру қорытындысы бойынша автокөлік жүргізушісінің орта дәрежедегі мастыққа жататыны расталды. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабында (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша хаттама толтырылып, көлігі айыптұраққа қойылды.
Түркістан облысының полицейлері, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге, жолаушыларға ережелерді қатаң сақтап, жылдамдық режимін бұзбауға және қарсы қозғалыс жолағына шықпауға шақырады. Жол қозғалысы ережелерін бұзудың соңы орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін екенін ұмытпаңыз. Жол қателікті кешірмейді!