Алаяқтық жайтына күдікті ретінде Түркістан қаласының бұрын сотты болған тұрғыны ұсталды
Алаяқтық жайтына күдікті ретінде Түркістан қаласының бұрын сотты болған тұрғыны ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданып келеді. Арызданушы мемлекеттен үй алу үшін бұрын соңды таныс емес әйелге сеніп, 70 мың теңгесін қолма-қол бергенін, алайда арадағы уәде орындалмағанын айтып жеткізген.
Арызды полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді. Осыдан соң сақшылар күдіктіні табуға бағытталған жұмыстардың барлығын атқарды.
Осылайша тәртіп сақшылары атқарған жедел шаралардың нәтижесінде, небары тәулік ішінде алаяқтық жайтына қатысы бар Түркістан қаласының әйел тұрғынын ұстады. Ол жұмыссыз жүрген, бұрын соңды осындай алаяқтық жайтымен сотталған әйел болып шықты.
Атқарылған жұмыстар барысында анықталғандай, күдікті әйел ескі әдетіне басып, өз арам ойын іске асыру үшін жергілікті тұрғынды жолықтырып, мемлекеттен тегін үй алып беремін деген жалған уәдесімен сеніміне кіріп, ақшасын алып алады. Осыдан соң уәде орындалмай, не ақша қайтарылмай үш ай бойы жәбірленушіні әуре-сарсаңға салған. Арасында жәбірленушінің күмәнін сейілту үшін 10 мың теңгені каспий есепшот арқылы аударған. Алайда содан соң күдікті әйел хабарсыз кеткен. Бұл ретте әрине жәбірленуші өз ақшасын қайтарып алу мақсатында полицияның көмегіне жүгінді.
Бүгінде ұсталған күдікті әйел – қолхатта. Оның 2020 жылы сотты болғаны анықталды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Облыс полицейлері тұрғындарға барынша қырағы болып, алаяқтарға алданбауға шақырады! Сондай-ақ есте сақтаңыз, сіз ешкімге жеке басыңызға қатысты мәліметті беруге немесе айтуға міндетті емессіз! Әрбір мәселені заңсыз жолмен емес, тек заң шеңберінде шешуге дағдыланыңыз!