Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан полицейлері тереңдігі 5 метрлік дәретханаға түсіп кеткен балаларды аман алып шықты

Түркістан полицейлері тереңдігі бес метрлік дәретханаға түсіп кеткен үш және 10 жастағы балаларды аман алып шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сарыағаш АПБ кезекшілігінің “102” нөміріне жергілікті тұрғын әйел хабарласып, үйінің ауласындағы дәретханасының ішіне өзінің үш жасар ұлы мен 10 жасар қызының абайсызда түсіп кеткенін айтып, көмек сұраған. Хабарламаны бірінші болып алған Сарыағаш АПБ учаскелік полиция инспекторлары Нұрдаулет Еділов пен Асыл Ережепов, сондай-ақ Айсұлтан Сапар оқиға болған жерге небары екі минут ішінде, жедел жетті.

Содан полицейлер екі жасөспірімнің өміріне қауіп төнгенін ескеріп, ештеңеге қарамастан балаларды құтқармаққа асығады. Себебі бес метрлік әжетхана ішіндегі нәжіс 10 жасар қыздың иығына дейін жеткен. Ал жасөспірім қыз жанындағы үш жасар бала, яғни інісін нәжіске батып кетпесі үшін көтеріп алып тұрады. Полицейлер құтқарудан кешіксе, балалар иістен уланып қалуы да мүмкін еді, сондықтан қызметкерлер жедел түрде әрекет етіп, бетоннан жасалған әжетхана еденін темір құралымен соққылап бұзды. Бір жағынан тәртіп сақшылары әжетхана еденін бұзып жатып, ішіндегі балаларға қауіп төнбесі үшін әдіспен әрекет етті.

Содан соң полицей Асыл Ережепов арнайы жіпті беліне байлап, бес метр тереңдіктегі әжетхана ішінен бірінші үш жасар ұлды, артынша 10 жастағы қызды аман есен алып шықты.

Осылайша Сарыағаш АПБ-ның қос полицейі өздерінің жедел әрекет етуі мен қалайда балаларды құтқаруға барын салып, қайсарлық танытып әрекет етуінің арқасында олар аман қалды. Осы ретте полицейлердің әрекетіне риза болған және балаларының әжетханадан аман шыққанына қуанған анасы Ажаркүл Саржанова алғысын айтты.

– Үйдің ауласында келеңсіз жағдай орын алды сол себепті біз шұғыл түрде Сарыағаш ауданының полицейлеріне жедел түрде хабарластық. Сол мезетте тез арада келген Сарыағаш АПБ Қапланбек ауылының учаскелік полиция инспекторлары Асыл Ережепов пен Нұрдәулет Еділов, Айсұлтан Сапаров келіп, өз көмектерін көрсетті. Шұғыл түрде аман-есен балаларымды алып шықты. Сол себепті осы полиция қызметкерлеріне аналық алғысымды айтқым келеді және де осы қызметкерлер тиісті деңгейде марапатталса екен деймін. Жұмыстарына табыс тілеймін!, – деді балалардың анасы.

Содан соң осы оқиғаға куә болған тұрғынның көршілері де өз ризашылықтарын білдірді:

– Бізге келіп айқайлап көмек сұрады. Полицейлерге хабарластық, небары екі минут ішінде келіп, балаларды құтқарды. Оларға алғысымыз шексіз. Олар өте жақсы жұмыс істеді. Егер біздің учаскелік полицейіміз болмаса, біз оларды құтқара алмас едік. Үлкен рақмет полицейлерге!, – деді.

Бүгінде полицейлердің басты міндеті қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болғанымен, олар тұрғындарға көмек керек кезде бірінші кезекте қауіп-қатерге қарамастан жедел әрекет етеді. Бұған дейін де қаншама тәртіп сақшылары ажал аузында қалған азаматтар мен балаларды құтқарып, алғыстарын алған болатын. Сондықтан киелі өңірдің полицейлері бұл бағыттағы жұмыстарды әрдайым назарда ұстамақ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру