12 жастағы жоғалып кеткен баланы қызылордалық полицейлер тапты
12 жастағы жоғалып кеткен баланы қызылордалық полицейлер тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
27 мамырда түнгі уақыт 02:00 шамасында Қызылорда қаласында кәмелетке толмаған 2009 ж.т. бала жоғалғандығы туралы полицияға арыз түсті. Жасөспірім 27 мамыр күні сағат 18:00 шамасында үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмаған. Іздестіру жұмыстарына Қызылорда облысы Полиция департаментінің, Қызылорда қалалық Полиция басқармасының жеке құрамы, еріктілер және жергілікті тұрғындар жұмылдырылды.
Іздеу шаралары аясында әлеуметтік желілер және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындар ақпараттандырылды. Полиция қызметкерлерінің күшімен қаланың көп қабатты шатырлары, өжірелері және ауладағы люктары, саяжайлардағы тастанды үйлер, құрылысы бітпеген ғимараттар, жертөлелер мен қаланың барлық аумағында жоғалған баланың фотосуреті көрсетіліп, сұрастыру жұмыстары ұйымдастырылды.
Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде жоғалған кәмелетке толмаған бала Жалағаш ауданында тұратын ата-әжесінің үйіне кетіп қалғаны белгілі болды. Қазіргі таңда ювеналды полиция қызметкерлерімен жасөспірімнің үйден кетіп қалу себептері анықталуда.