Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

«Нерест-2021»: ШҚО-да браконьерлер құны 3 млн. теңге құрайтын 2 тоннадан астам балық аулаған

ШҚО-да  құны үш миллион теңге құрайтын екі тоннадан астам балық аулаған браконьерлер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Уылдырық шашу кезеңінде Шығыс Қазақстан аумағының тыйым салынған балық өсіру орындары және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарында балықты заңсыз аулауға жол бермеу мақсатында ағымдағы жылдың 16 сәуірі мен 30 мамыры аралығында «Уылдырық-2021» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – балықты заңсыз аулау, биологиялық ресурстар объектілері мен өнімдерінің заңсыз айналымы фактілерін анықтау және жолын кесу, сондай-ақ экологиялық қылмыстарды, оның ішінде бұрын жасалған қылмыстарды ашу, сондай-ақ балық қорғау органдарына балық қорларын сақтауда көмек көрсету.

– Табиғат қорғау полициясының бөлімшелерімен балық ресурстарын қорғау мақсатында күн сайын рейдтік іс-шаралар өткізіліп, нәтижесінде 316 құқық бұзушылық анықталды. Жедел алдын алу іс-шарасы барысында браконьерлер екі тоннадан астам балық аулап, мемлекетке келтірілген залал үш миллион теңгеден асты. 300-ге жуық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.

Заңсыз балық аулау орындарынан 56 қылмыс құралы (Синтетикалық торлар, балық ұстауға арналған шанышқы құралы, сүзгіштер және т.б.) тәркіленіп, 3760 метр тор табылды. Аталған фактілер бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабының 3-бөлігі (Балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау ережелерін бұзу) бойынша тоғыз материал сотқа жолданды, ҚР ӘҚБтК-нің 389-бабы (Жабайы жануарлар мен өсімдіктердің түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз сатып алу, өткізу, тасымалдау, әкелу, әкету, сақтау (ұстау) бойынша) – алты, ҚР ҚК-нің 335-бабы (Балық ресурстарын, басқа да су жануарлары мен өсімдіктерін заңсыз өндіру) бойынша жеті заң бұзушылық фактілері анықталды.

Браконьерлік оқиғаларының бірі ағымдағы жылдың 19 мамырында Бұқтырма су қоймасының жағасында орын алды, табиғатты қорғау полициясы бөлімінің қызметкерлері 1992 және 1977 жылы туған Алтай ауданы Октябрь кентінің екі тұрғынын ұстады. Оларды тексеру кезінде ұсталғандардың біріне тиесілі Mitsubishi көлігінде моторы бар алюминий қайығы және 874 750 теңге сомасына 179 кг рипус балығы табылды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 335-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, тәркіленген балық арнайы қабылдау орнына тапсырылады, ал сатудан түскен табыс мемлекет қазынасына аударылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру