Павлодарда 5 млн теңгеден астам ақша жымқырды деген күдікпен ЖШС-нің бухгалтері ұсталды
Павлодарда бес миллион теңгеден астам ақша жымқырды деген күдікпен ЖШС-нің бухгалтері ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласында ЖШС-нің қызметкері бес миллион теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікке түсті.
– Павлодар қаласының тұрғыны бухгалтер болып жұмыс істегені анықталды. Оның міндетіне бухгалтерлік құжаттарды орындау, тауарларға тапсырыс беру, тауарларға ақы төлеу, қызметкерлерге жалақы есептеу кірді. Қала тұрғыны ай сайын фирманың 300-400 мың теңге көлеміндегі ақшалай қаражатын күйеуіне шотқа аударып, кейіннен өзі пайдаланған, ал басшылыққа жалған шот фактуралар берген. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 189-бабы 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, – деді Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Рашад Өтеуов.
Жыл басынан бері полицияда бөтен мүлікті талан-таражға салудың 29 фактісі тіркелді.
Айта кетейік, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденгені немесе ысырап еткені үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген. Полиция кәсіпорындардың, фирмалардың иелеріне кезең-кезеңмен түгендеу мен аудит жүргізуді ұсынады. Сондай-ақ тауарлар мен материалдарды сақтау орындарында өткізу жүйесін, бейнекамераларды орнату керек.